(Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің
2009 жылғы наурыздың 16-ндағы № 4-02-4/450 хаты)
1. Жалпы ережелер
1. Осы ұсынымдар мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуды жүзеге асыратын меншік түріне қарамастан жалпы білім беру мектептерінде дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларға инклюзивті (кіріктіре) білім беруді ұйымдастыруды қарастырады.
2. Кіріктіре (инклюзивті) білім берудің негізгі мақсаты ретінде дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың танымдық мүмкіндіктері мен қабілеттеріне қарай тұрғылықты жері бойынша білім алуға, әлеуметтік бейімделуге және қоғамға кірігуіне құқығын жүзеге асыру, отбасының баласын тәрбиелеу мен дамытуында рөлін көтеру болып табылады.
3. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру мектебіне қабылдау ата-аналардың немесе заңды өкілдердің жазбаша өтініші негізінде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (бұдан ары – ПМПК) оқыту формасы көрсетілген қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
4. Ата-аналардың (өзге де заңды өкілдердің) мүдделерін ескере отыра мүмкіндіктері шектеулі балалардың саны жеткілікті болған жағдайда білім беру органдарының келісімі бойынша төмендегідей сыныптар ашылуы мүмкін:
дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды толықтай кіріктіре оқытуды жүзеге асыратын кіріктіре білім беру сыныптары. Бұндай сыныптардың біреуінде мүмкіндіктері шектеулі үш баладан артық емес оқушы болуы мүмкін;
дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру үдерісіне жартылай кіріктіруді жүзеге асыратын арнайы (түзету) сыныптары (бұдан ары – арнайы сыныптар).
5. Арнайы сыныптар бұзылыс түріне қарай жіктеліп, төмендегідей толымдылыққа ие: естімейтін балаларға арналған – 8 баладан артық емес;
нашар еститін және кейіннен естімей қалған балаларға арналған – 10 баладан артық емес;
көрмейтін балаларға арналған – 8 баладан артық емес;
нашар көретін және кейіннен көрмей қалған балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
сөйлеу тілінде ауыр бұзылыстары бар балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
эмоционалды-ерік саласында бұзылыстары (ерте жастағы аутизм) бар балаларға арналған – 6 баладан артық емес;
психикалық дамуы тежелген балаларға арналған, оның ішінде түзете-дамыту сыныптарында оқыту бар – 12 баладан артық емес;
зердесінің дамуында жеңіл түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған – 12 баладан артық емес;
зердесінің дамуында орташа түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған – 10 баладан артық емес.
6. Арнайы сыныптар ПМПК-тің сәйкес келетін қорытындысы бар балалардың саны жеткілікті болғанда ашылуы мүмкін. Арнайы сыныпты ашуға балалардың саны жеткіліксіз болған жағдайда дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды кіріктіре білім беру сыныбында оқыту үшін жағдайлар жасалу керек.
7. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы сыныптар (түзете-дамыту сыныптары) бастауыш білім беру деңгейінде оқытудың бірінші және екінші жылдары ашылып, негізгі орта білім беру аяқталғанша жүзеге асады. Кейбір жағдайларда аталған сыныптар негізгі орта білім беру деңгейінде, бірақ 5-6 сыныптардан кеш емес уақытта ашылады.
8. Дамудың жақсы динамикасы және оқу бағдарламасын табысты меңгеру жағдайында дамуындағы кешеуілдеулерді жеңген және оқу әрекетінің керек дағдыларын меңгерген оқушылар оқытудың кез келген кезеңінде ПМПК-тің шешімі бойынша оқушылардың өзінің және ата-аналарының (өзге де заңды өкілдерінің) келісімімен жалпы сыныптарға ауыстырылуы мүмкін.
2. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту жағдайлары
9. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың бұзылған не жоғалтқан қызметтерін түзету мен орнын толтыру, оларды оқыту мен тәрбиелеу мақсатында білім беру саласының жергілікті атқарушы органдары дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытатын жалпы білім беру мектептерінде арнайы білім беруге және материалдық-техникалық жағдайларды жасауда. Ондай жағдайлардың арасында дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған ұйымдарды материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша нормативті талаптарға сәйкес қазіргі заманғы техникалық көмекші құралдар бар. Жоғарыда аталған мектептер бұл санаттағы оқушылардың барлығына жалпы білім беру және арнайы білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеруі үшін қажетті деңгейдегі қолдау көрсетеді.
Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру мектептерінде оқыту мен тәрбиелеу үшін арнайы жағдайлар жасау ПМПК жүзеге асыратын баланың жеке қажеттіліктерін бағалауға негізделеді.
10. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі оқушылар жалпы білім беру мектептерінде түзете-педагогикалық қолдаумен қамтамасыз етіледі. Түзете отыра қолдауды білім беру мекемесінде арнайы педагог (педагог-дефектолог), психолог, әлеуметтік педагог жүзеге асырады. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды білім беру мекемесінен тыс оқыту үдерісін арнайы білім беру мекемелерінің, ПМПК, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, логопедиялық пункттар, сонымен қоса медициналық мекемелердің мамандары келісім негізінде жүзеге асырады.
11. Жалпы білім беру мектебінде дамуында мүмкіндіктері шектеулі 10 баладан артық бала оқыса, төмендегідей қызметтерді атқаратын педагог-дефектолог (мұғалім-логопед) ставкасы қарастырылуы керек:
аймақтық ПМПК, арнайы түзету ұйымдары, оңалту орталықтары, аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен логопедиялық пункттармен қарым-қатынас құрып, байланыс орнату;
жеке оқыту және түзете-дамыту бағдарламаларын жасап, жүзеге асыруға қатысу;
білім алу барысында кездесетін олқылықтардың орнын толтыру бойынша арнайы (түзету) шаралары мен қосымша сабақтар өткізу;
дамуында мүмкіндіктері шектеулі оқушылармен жұмыс жасайтын әлеуметтік педагог, арнайы психолог, логопед пен мұғалімдердің қызметін үйлестіру;
психологиялық-педагогикалық мониторингті ұйымдастырып, жеке оқыту және түзете-дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруын бақылау.
Психологиялық-педагогикалық қолдау атқарып отырған мамандар төмендегідей қызметтерді атқаруы қажет:
оқу жылының соңында дамуында мүмкіндіктері шектеулі әр оқушының оқу жетістіктерін арнайы психологиялық-педагогикалық картада белгілеп, мектептің басшылығына есеп беру;
мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды оқытудың арнайы әдістері мен амалдарын қолдану бойынша мұғалімдерге әдістемелік және кеңес беру көмегін көрсету;
жергілікті атқарушы органдардың көмегімен дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру мектебі жағдайында оқу үдерісімен, бейімделген оқу бағдарламалары және әдістемелік ұсынымдармен қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асыру;
дамуында мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды оқу және сыныптан тыс әрекеттерге (үйірме, спорт т.б.) жұмылдыруға түрткі болу;
дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың ата-аналарымен үнемі кездесулер өткізіп, балаларды оқыту, тәрбиелеу мен дамытуда кеңес беру;
мектептегі әдістемелік бірлестіктер, ұйымдастыру-педагогикалық және әдістемелік жұмыстың басқа да түрлері бойынша қызметтердің жұмысына қатысу;
өзінің кәсіби біліктілігін жүйелі түрде көтеріп отыру. Педагог-дефектологтың құжаттары мынадай:
1) дамуында мүмкіндіктері шектеулі әр баланың әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық паспорты. Онда төмендегілер болуы қажет:
әлеуметтік және білім алудағы қажеттіліктер көрсетілген ПМПК-тің қорытындысы;
медициналық тексерістің қорытындысы;
жеке оқыту бағдарламалары;
түзете-дамыту бағдарламалары;
әр маманның (логопед, әлеуметтік педагог, психолог, мұғалімдер) мониторинг мәліметтерін жазуға арналған әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық карталары;
2) жалпы білім беру мектебінде оқитын дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды есепке алу жорналы;
3) дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың түзету сабақтарына баруын белгілеу жорналы;
4) дамуындағы мүмкіндіктерінің шектелуі бар оқушылармен жыл бойы жұмыс жасау жоспары;
5) дамуында мүмкіндіктері шектеулі баламен күнделікті жұмыс жасау жоспары;
6) директор бекіткен түзету сабақтарының кестесі;
7) оқу жылы бойы жүргізілген жұмыс туралы есептердің көшірмелері.
Мүмкіндіктері шектеулі оқушылардың оқуда кездесетін қиындықтарын уақытында анықтап, оларға түзете-педагогикалық қолдау көрсету, сонымен қоса оқушылар мен ата-аналарды білімді меңгеру деңгейін психологиялық-педагогикалық мониторингтан өткізу туралы ақпараттандыру. Психологиялық-педагогикалық мониторингті кіріктіре оқыту сыныбы мен арнайы (түзету) сыныбының мұғалімі, пән мұғалімдері, арнайы
педагог, психолог, әлеуметтік педагог жүргізеді.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру мектептерінде оқыту үдерісін арнайы психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдауды бақылау мен жүзеге асыруды мектептегі психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиум жүргізеді.
14. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалар оқитын сыныптарда жұмыс жасайтын бастауыш сынып мұғалімдері мен пән мұғалімдері әр балаға жеке түрде оқушының білім алудағы қажеттіліктеріне орай оқу бағдарламаларын бейімдеу керек.
15. Сыныптың мұғалімі (сынып жетекшісі) дамуында мүмкіндіктері шектеулі оқушыларға төмендегідей бағыттарда арнайы қолдау көрсетеді: оқу үдерісі шеңберінде болатын жұмысты ұйымдастыруда оқушыларға көрсету; балалар ұжымын қалыптастыру және дамыту (оң пікір қалыптастыру); ата-аналармен ынтымақтастық жағдайда қарым-қатынас құру.
16. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуды жүзеге асыратын мектептер кітапхана қорын арнайы оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер және әдістемелік әдебиетпен толықтырады.
17. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту үдерісін жалпы білім беру мектебінде психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау үшін психолог, логопед, арнайы педагог пен әлеуметтік педагогтың арнайы жабдықталған
кабинеттері болуы қажет.
3 . Білім беру және түзете-дамыту үдерістері
18. Білім беру үдерісін ұйымдастыру жалпы білім берудегі Типтік оқу және жұмыс жоспарларына негізделіп, жылдық, күнтізбелік оқу жоспарлары және сабақ кестесімен реттеледі.
19. Оқу үдерісі психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеріс мәліметтерімен байланысқан жіктемелі түрде және жеке көзқарастарға негізделе отыра жүзеге асырылады.
20. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен арнайы білім берудегі оқу бағдарламалар негізінде мұғалімдер мен арнайы педагогтар мектептегі психологиялық-педагогикалық консилиумның мүшелерімен бірге мектептің педагогикалық және әдістемелік кеңестерінде бекітілетін жеке оқыту және түзете-дамыту бағдарламаларын жасайды.
21. Жеке оқыту бағдарламасы және түзете-дамыту жұмысына сәйкес дамуында мүмкіндіктері шектеулі оқушылармен жеке және топтық түрде түзету сабақтары ұйымдастырылады. Олар сабақ кестесіне еніп, жалпы мектеп штатындағы мамандар не арнайы (түзету) мектептер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, логопедиялық пункттардың мамандары күшімен ұйымдастырылады.
22. Жеке, топтық түзету сабақтарын өткізуге бөлінетін сағаттар санын дамуында мүмкіндіктері шектеулі баланың бұзылыс түріне сәйкес келетін арнайы (түзету) білім беру ұйымының оқу жоспарының түзету тарауы белгілейді.
23. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі оқушылармен өткізілетін сабақ пен оқудан тыс әрекеттер (үйірме, факультатив, тәрбие жұмысы) жалпы сыныптың оқушыларымен бірге жүзеге асырылады.
24. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытып отырған жалпы білім беру мектебінде жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттың аумағында осы санаттағы балаларға ақылы негізде білім беру қызметін көрсету ұсынылмайды.
25. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды кіріктіре оқыту жүйесі бар жалпы білім беру мектебінің басшысы бұндай балаларды жалпы білім беру үдерісіне қабылдау және ендіру бойынша төмендегідей дайындық жұмысын жүргізеді:
1) мектепке кіріп-шығуды қамтамасыз ету (тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар балаларға арналған лифттер, пандустар, арнайы жиһаз);
2) білім беру және түзете-дамыту үдерісін арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету (есту, көру және сөйлеу тілі қабілеттерінде бұзылыстары бар балалар үшін);
3) түзете-дамыта қолдауды қамтамасыз ететін педагогикалық қызметкерлерді (педагог-дефектолог, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, мұғалім-логопед) іріктеу және қабылдау;
4) педагогтар, мүмкіндігі шектеулі оқушылар, дамуында бұзылыстары жоқ балалар, барлық оқушылардың ата-анасы мен мектептің техникалық қызметкерлеріне кеңес беру.
26. Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалар кез келген жалпы білім беру мектептеріне оқуға түсуге құқылы, онымен қоса бір мектептен екіншісіне ауысу, нақты айтатын болсақ, ПМПК қорытындысы болған жағдайда ата-анасының (не өзге де заңды өкілдерінің) келісімімен арнайы (түзету) білім беру ұйымына ауысу құқығы бар. Ата-аналар (не өзге де заңды өкілдер) баланың қалауы, жеке қабілеттері мен ерекшеліктерін ескере отыра білім беру ұйымдарын таңдауға құқылы.
27. Жалпы білім беру мектебінде әр оқу жылының сәуір-мамыр айларында баланың мектепке дайындығын анықтау мақсатында мектептің медициналық-психологиялық-
педагогикалық консилиумы мектепке келіп отырған балалардың барлығын психологиялық-педагогикалық тексерістен (скрининг) өткізеді.
Дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру мектебіне қабылдауға қарсы көрсетілім ретінде ақыл-ойының ауыр және терең түрдегі бұзылыстары, шығу тегі әртүрлі психикалық бұзылыстар мен жиі болатын талма тырысқақтары болып табылады.
Баланың дамуында бұзылыс анықталған жағдайда ата-аналар (өзге де заңды өкілдер) баланы мамандардың кешенді түрде тексеруі, балада әлеуметтік және білім алудағы қажеттіліктерін анықтау және білім беру ұйымының түрін белгілеу мақсатында ПМПК-ке жіберілді.